Ақтөбеде кондукторды аяусыз соққыға жыққан жігіт сотталды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Оқиға шілде айының ортасында болған еді. Аялдамадан түсіп бара жатқан жолаушылардың бірі кондуктордан жол көрсетіп жіберуін сұраған. Кейін сырттан бақылап тұрған 28 жастағы Нұрдәулет Жапақов автопарк қызметкерінен жолаушымен не жайында әңгімелескендерін сұрапты. Бірақ оның бұл қызығушылығына кондуктор мән бермей, жауап қатпаған. Бұған ашуланған Нұрдәулет Жапақов оған жұдырығын ала жүгірген. Кейін, тіпті, аяғымен тебе бастаған. Кондукторды буындыра бастағанда автобус жүргізушісі тоқтап, айыпталушыны шығарып жіберіпті.
Сот отрысы барысында Нұрдәулеттің бұрын істі болғандығы белгілі болды. Ол 2007 жылы қарақшылық жасағаны үшін бас бостандығынан айрылып, екі жыл бұрын бостандыққа шыққан екен. Судьяға оқиға болған күні күйзелісте болдым деп ақталды ол. Дегенмен, енді ол бір жыл өмірін тағы да темір тордың арғы жағында өткізетін болады. Үкім шыққан бойда сот залында оның қолына кісен салынды.
Дереккөз: bnews.kz