АСТАНА-ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Дүниежүзілік Cауда Ұйымына кіру мәселесін шешіміз. «Хабар» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Ресей мен Украина арасында осындай ахуал болады деп кім ойлаған? Әрине, біздің экономикалық одаққа оның кері салдары тиеді. Себебі, Батыс тарапы Ресейге санкция жасап жатыр. Санкцияны жеке адамдарға жасағаны бір жөн, ал қаржы жүйесіне, экономиканың кейбір секторына енгізіліп отырған шектеулер Ресейдің экономикасын төмендетеді. Олардағы зауыттардың жұмысы нашарлап, біздің тауарлар мен шикізатты алатын мүмкіншіліктері азаяды. Осы жерде біз қиыншылық көруіміз мүмкін», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент Ресей тарапының тұтынатын тауарларды алмау жайындағы санкцияларын пайдаланып, Ресейге Қазақстан көбірек азық-түлік өнімдерін шығарып, көкөніс және басқа да өнімдерді эскпорттауы қажет екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда еліміздің фермерлері осы мүмкіндіктен пайда табуы керек екенін жеткізді.
«Жалпы, олардың жасап отырған санкциялық кедергілерінің тікелей Қазақстанға ешбір қатысы жоқ. Құдай бұйырса, биыл Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру мәселесін шешіміз. Еуроодақпен бұрынғы келіссөздерімізді одан ары қарай жалғастырып, жаңа келісімдерге қол қоямыз деп отырмыз және оны да шешеміз», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Украина мен Ресей ахуалы өзара келісіммен аяқталатынын, уақыт барлығын орнына алып келетінін атап өтті.
«Қазақстанның болашағы жарқын. Ешбір елге біз жау емеспіз. Төңірегіміздің ешқайсысы бізге жау емес. Дегенмен біз өзіміздің қауіпсіздігімізді, Қарулы Күштерімізді, ішіміз бен сыртымызды жиып, сақ отыратын болуымыз керек. Менің арманым мен ойым - Қазақстан мәңгілік болсын деймін. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны тастадым. Мәңгілік Ел болу үшін барлығын жасап жатырмыз», - деді Президент.
Дереккөз: inform.kz