©vesti.kz"Қайрат" футбол клубының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын жолдастық кездесуге қатысатын әлем құрамасының мүшелері белгілі болды. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.
Бұған дейін жолдастық кездесуде әлем құрамасын футболдан Ресей құрамасының бас бапкері Фабио Капелло басқаратынын хабарлаған едік. Кейін клубтың ресми сайты 60 жылдық мерейтойында "Қайратты" ресейлік "Рубин" клубының бұрынғы бас бапкері Құрбан Бердыев басқаратыны туралы ақпарат таратты.
Бүгін бұл ойынға әлем құрамасы сапынан қандай футболшылар келетіні белгілі болды. Сонымен "Қайратқа" қарсы тұратын әлем құрамасының құрамымен таныс болыңыздар: Қақпашылар: Франческо Тольдо, Йенс Леманн. Қорғаушылар: Паоло Мальдини, Хавьер Дзанетти, Алессандро Костакурта, Кахабер Каладзе, Фабио Каннаваро, Кристиан Пануччи. Жартылай қорғаушылар: Сержиньо, Ривалдо, Луиш Фигу, Леонардо, Эдгар Давидс, Кларенс Зеедорф. Шабуылшылар: Андрей Шевченко, Кристиан Вьери, Дуайт Йорк.
Ал "Қайрат" клубының құрамында алдағы кездесуде Фанас Салимов, Сергей Стукашов, Валерий Гладилин, Сергей Рожков, Евгений Яровенко, Евгений Кузнецов, Игорь Авдеев, Руслан Балтиев, Дмитрий Огай және Михаил Гурман сынды ардагер футболшылар ойнайды.
Айта кетейік, 60 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан алматылық команда тарихта қаларлықтай кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әлем жұлдыздарымен жолдастық кездесу 26 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында өтеді. "Жұлдыздар кездесуде" ардагер ойыншылардан қолтаңба алуға, естелік суретке түсуге мүмкіндік бар. Футболшылардан бөлек, бұл шараға клуб жетекшілері қазақстандық шоу-бизнес өкілдерін және әлемнің танымал жұлдыздарын шақырады.
Дереккөз: tengrinews.kz