Француз түрмесінде жатқан БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтың Лондон соттары алдындағы қарызы күн санап өсіп жатыр. Қазір оның қарызы 500 мың фунт стерлингке ( 800 мың доллар) жеткен. Осыған орай ағылшын баспасөзі Мұхтар Әбілязов жөнінде «ең бай қашқын алаяқ Жоғарғы соттың өкімін елемей келеді» деп жазды.
Ағылшын баспасөзінің жазуы бойынша, Мұхтар Әбілязовтың Лондон соттары алдындағы қарызы былайша қалыптасқан. Ол БТА банктің 18 миллиард долларын үптеп кетіп, 2009 жылы Англияға қашып барып, осы елден саяси баспана сұраған. Артынша БТА банктің жаңа басшылығы Лондон сотына Мұхтар Әбілязовтың үстінен әртүрлі соманы талап еткен 11 шағым түсірді. Нәтижесінде сот Мұхтар Әбілязовтың БТА банкке 4 миллиардтан астам доллар қайтаруы жөнінде шешім шығарған. Бірақ, Мұхтар Әбілязов ұрлықы ақшаны қайтарғысы келмей түлкібұлаңға салды. Сот оның 150 миллион фунт стерлингке бағаланған Лондондағы үй-жайы мен дүние-мүлкін құрсаулады. Сондай-ақ сот БТА банктің қаржысын қайтарып беру үшін Мұхтар Әбілязовтан ақшаның қайда жасырылғанын анықтайтын кейбір құжаттарды талап еткен болатын. Соттың осындай қысымына шыдас бере алмаған ол кейінгі сот отырысына келмей қалды. Мұны «сотты сыйламау» деп бағалаған Лондон соты Мұхтар Әбілязовты 22 айға түрмеге кескен. Бірақ соттың бұл үкімі орындалған жоқ. Ол түн жамылып Англиядан қашып кетті.
Кез келген елде сот процесс ақылы өтеді. Сот шығыны жәбірленуші жақтың талап етіп отырған сомасына да қатысты белгіленеді. БТА банк пен Әбілязов арасындағы дау орасан зор соманы құрады. Сондықтан әрбір сот процесінің шығыны миллиондаған долларға жетіп отыр. Мысалы, Әбілязовтың үстінен өткен соңғы сот процесі 2,5 миллион фунт стерлигті құраған. Бұл шығынды сотта жеңіліс тапқан тарап өтеуі керек. Сондай-ақ, сот шығыны мерзімінде төленбесе, онда ол сомаға күн сайын үстеме айыппұл қосылып отырады. Қазір Мұхтар Әбілязов француз түрмесінде жатыр. Бірақ бұл жағдай оны ағылшын соттары алдындағы қарызынан құтқара алмайды және бұл қарыз күн санап өсе береді.
Дереккөз: serke.org