Қытайда қамауға алынған қазақ қызына қатысты сот процесінің басталуына аз қалды. Небәрі 20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбай осыдан тура 6 ай бұрын Гуанчжоу қаласында сөмке толы есірткімен ұсталған болатын. Егер де бойжеткеннің заңсыз есірткі тасымалымен айналысқаны дәлелденсе, ол өмір бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Заңы қатал Қытай Қазақстан тарапының қызбен тілдесуіне жақында ғана рұқсат беріпті. Ал Ақжарқынның ата-анасы қыздарын көрмек түгілі, әлі даусын да естімеген. Олардың айтуынша, Қытайдағылар қыздың бұрын-соңды істі болмағаны туралы анықтама сұратқан. Алайда біздегі мемлекеттік мекемелер аса қат құжатты жіберуге әлі асықпай жүр екен. 20-ға жаңа толған Ақжарқын жарты жыл бұрын Қытайдан Малайзияға тауар әкетіп бара жатқан жерінен ұсталған болатын. Тексеру кезінде сөмкесінен есірткі табылған. Қыздың туыстары оны таныстары алдап кеткен дейді. Ақжарқынның әлеуметтік желілердегі достары да оны «кінәсіз» деп әлек. Иесіз қалған парақша қазірде «сені сағындық», «арамызға тезірек орал» деген сынды әсерлі сөздерге толып қалған.
«ҚР СІМ бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Оған орысша сөйлейтін адвокат тауып берілді елшіліктің көмегімен. Жақында біздің елшіліктің қызметкерлері Ақжарқынмен кездесті. Сол Гуанчжоу провинциясының ресми өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында ол өзінің сол қамаудағы жағдайы мен жалпы өзінің денсаулығына қатысты ешқандай да шағым айтқан жоқ», - дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов.
Дереккөз: bnews.kz