Астана. 13 тамыз. Baq.kz – Жақында Алматы облысы Ішкі істер департаментіне Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қарасай ауданындағы бір кірпіш зауытында Қытай азаматтары тегін жұмыс істеп жатқаны туралы хабар келіп түскен болатын.
Полиция қызметкерлеріне шағымданған азамат осы құлдықтан қашып шығыпты. Тексеру барысында құлдықтың қамытын киіп жүргендер санының 15 адам екені анықталды. Құлдықта жүргендердің барлығы да 20-25 жас аралығындағы қазақтар.
Сәуір айында қолдарына азын-аулақ ақша ұстатып алдаусыратқан кірпіш зауытының басшылары оларды содан бері ауыр жұмысқа жегіп, еңбектерін тегін пайдаланған. Тергеу барысында ҚР Еңбек туралы заңының өрескел бұзылғандығы да анықталды.
Қазір кірпіш зауытының директоры мен оның үш көмекшісінен жауап алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 126-шы бабы 2-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған факт бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы Алматы облыстық ІІД басшылығының қатаң бақылауында.
Дереккөз: baq.kz