Астана. 13 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметі.
«Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал жөнінде пікір алмасылды. Кеден одағына мүше мемлекеттер мен Украинаның кездесуін Беларусь президенті А. Лукашенконың ұсынысына сәйкес биылғы тамыздың үшінші онкүндігінде өткізу мүмкіндігі құпталды», - делінген Ақорда сайтындағы сәрсенбілік хабарда.
Аталғандай, екі елдің көшбасшылары Батыс елдерінің Ресейге қатысты санкциялары мен оған РФ-ның қарымта шараларын, сондай-ақ олардың ықтимал салдарларын талқылады.
Сонымен қатар, мемлекет басшысын В. Путин өзінің Әзірбайжан және Армения президенттерімен кездесуінің қорытындылары туралы хабардар етті. Тараптардың қазіргі қиындықтарды талқылап, Таулы-Қарабақ мәселесі жөніндегі ұстанымдарын жақындастырғаны атап өтілді.
Соңында мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығының бірқатар мәселелерін талқылады.
Дереккөз: ҚазТАГ