Флорида шатына қарасты Леон графтығында (АҚШ) ағымдағы жылдың 5 тамызында Әсия Көшенова есімді қазақ қызы қамауға алынды. Жергілікті полиция офицерінің айтуынша, отандасымыз «жекеменшік үйде иесінің келісімінсіз тұрғаны» және «жүкті әйелге қол жұмсағаны» үшін қамауға алынған. Оған сондай-ақ АҚШ-тың көші-қон заңын бұзды деген айып тағылып отыр. 26 тамызда ол сот алдында жауап беретін болады, деп хабарлайды BNews.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазір Ә.Көшенова Leon County Jail түрмесінде қамауда, оған Мэтью Уильямс есімді жақтаушы берілді. 26 тамызда оның ісіне қатысты сот тыңдауы өтеді», - деп көрсетілген хабарламада.
Сыртқы саясат ведомствосынан мәлім еткендей, бұған дейін АҚШ-тағы ҚР консулдық бөлімінің кеңесімен Ә.Көшенова Қазақстанға «Оралу куәлігін» алу үшін өтініш білдірген. Оның өтініші қанағаттандырылып, алайда тиісті жауапты жолдау үшін өтініш берушінің кері мекенжайы белгісіз болған.
«Бұл туралы қызының тұрғылықты орны жайында бейхабар болған Ә.Көшенованың анасы Гүлсайра Жүнісоваға да хабарланды. Г.Жүнісова Қазақстан елшілігіне қызына көмек сұрай осыдан бір жыл бұрын жүгінген болатын. Ә.Көшенованың АҚШ-тағы ауыр жағдайын ескере келе, оған елге қайтуға кеңес берілді. Алайда ол отанына оралудан үзілді-келсілді бас тартты», - деп хабарлады ҚР СІМ.
Министрліктің мәліметтері бойынша, сол уақыттан бері АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Ә.Көшенованың анасымен үнемі байланыста, оған АҚШ-тағы ҚР консулының ұялы телефон нөмірі берілді.
Қазір бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында және Қазақстан азаматы Ә.Көшеноваға қолдан келгенше кеңестік-құқықтық көмек көрсетуге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, Әсия Көшенова АҚШ-қа ақша табу мақсатымен 2010 жылы кетіп, сол жақта тұрмысқа шыққан болатын. Кейін күйеуімен керісіп қалған ол жүкті кезінде осал топқа арналған баспанаға жасырынып, сол жерде ұлын туады. Қыздың туыстары айтып отырғандай, оның құжаттары жоғалып, визасының мерзімі де аяқталған, енді Әсия Көшенова Қазақстанға депортациялануы мүмкін.
Дереккөз: bnews.kz