Атырау, 25 қараша 19:24
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жетекші елдердің орталық банктері ұстанған саясат қаржы дағдарысының жаңа толқынын тудыруы мүмкін

1 452 просмотра

Фото: vecher.kzФото: vecher.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің жетекші елдерінің орталық банктері ұстанған саясат қаржы дағдарысының жаңа толқынын тудыруы мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингте Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова осылай мәлім етті.

Брифинг барысында институт өкілі өткен аптада Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына тоқтала келе, онда Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы аса маңызды әрі өзекті мәселелерді көтергенін жеткізді.

«Біріншіден, Елбасы Үкіметке ең алдымен экономикалық саясатты әлемдік экономикада қалыптасқан жағдайларға орай тап болатын тәуекелдерді шешуге бағыттауды жүктеді. Бұл ретте мәселе негізінен әлемдік экономиканың дамуы мен жетекші елдердің орталық банктері ұстанған ақша-кредиттік саясатына қатысты болып отыр. Шындығында, бүгінгі күні осы бағыттағы саясаттың  өзі жаңа қаржылық дағдарыстың қалыптасуына жағдай жасайтындай. Бір жағынан әлемдік экономика қарқыны төмендеп отырса, екінші жағынан экономиканы, оның ішінде қаржы нарығын ақшамен «көмкеріп тастау» жаңа «көпіршіктерді» туындатуы ықтимал», - дейді Л. Мұзапарова.

Оның айтуынша, жаңа дағдарыстың туындауына қатысты алғышарттар негізгі үш салада орнығып отыр деп болжануда. Біріншісі - экономикалық өсімнің тежелу қарқыны шапшаңдап бара жатқан макроэкономикалық сала. Екінші - монетарлық сала. Сарапшының пікірінше, бұл салада қолданылып жатқан тетіктер экономикалық өсімді еш ынталандыра алмай отыр.

«Үшінші сала - қаржы нарықтарының өзінде туындап жатыр. Осы салада қазірдің өзінде дағдарыс үшін алғашқы серпіліс беретін «көпіршіктер» қалыптасуда. Бүгінгі күні дағдарыс қаупінің көрінісі ретіндегі жағдайлар АҚШ, Ұлыбритания мен Германияның қор нарығында байқалып отыр. Аталған нарықтарда қысқа мерзімді перспективада, яғни бірнеше ай ішінде құлдырауға әсер ететін «көпіршіктер» орныға бастаған. Бұл қауіп тізбектеліп қаржы, банк секторында, экономиканың нақты секторында, мемелкеттік қаржы саясатында дағдарыс құбылыстарын арттыруы ықтимал», - дейді Л. Мұзапарова.

Оның айтуынша, маусым айында әлемнің жетекші экономикаларының жағдайы айтарлықтай нашарлайтыны болжанған. Осының өзі қаржы нарығындағы қысым мен құбылуды арттырып отыр.

«Сондықтан да, мұндай факторлардың барлығы жақын аралықтағы бірнеше ай ішінде орын алуы ықтимал жаңа жаһандық экономикалық дағдарыс қауіпін, оның алғашқы фазасын арттыра түседі. Бұл дағдарыс өткен жолғы секілді биржалық акцияларға бағаның құлдыруынан бастап, сосын әлемдік экономика үшін басқа да аса нәзік әрі аса қауіпті фазаларға, дамыған елдердің қаржы жүйелеріне ауысуы ықтимал», - деді Л. Мұзапарова.

Бұл ретте институт өкілі әлемдік экономикада орта мерзімді перспективада мұндай түрдегі дағдарыстық құбылыстың орын алуы депрессиялық жағдайға ұласатынын атап өтеді. Мәселен, дағдарыстың жаңа толқыны туындаса ол жаһандық ІЖӨ-нің құлдырауымен, жұмыссыздықтың одан сайын ушығуымен, тауар нарығында бағаның құлдыруымен ұштасуы әбден кәдік.

Дереккөз: inform.kz

12 тамыз 2014, 11:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.