Владислав Челах. ©Дмитрий ХегайҚостанай облыстық прокуратурасы өмір бойына бас бостандығынан айырылған шекарашы Владислав Челахтың анасы Светлана Ващенкоға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
"15 шілдеде облыс прокуратурасына Қазақстанның Бас прокуратурасынан Светлана Ващенконың Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің УК-161/3 мекемесі әкімшілігінің Владислав Челахқа қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны туралы өтініші келіп түсті. Бұл дерек бойынша тексеру жүргізілді, оның нәтижесінде өтініште келтірілген дәйектер расталмады", - делінген прокуратураның Tengrinews.kz тілшісіне қайтарған ресми жауабында.
Ведомство өкілдері 2014 жылдың 24 наурызында Челахтың бүйректері оның өз өтініші бойынша УЗИ-ге түсірілгенін хабарлады. Бүйрек ұлпаларының патологиялық ауытқуы байқалған жоқ. "Жаза өтеуші бұдан кейін денсаулығына қатысты шағымданған жоқ, дәрігерге көрінген жоқ", - делінген жауапта. Прокуратураның ақпараты бойынша, 12 шілдеде Челах дерматолог дәрігерге қаралды. Сотталушыға "Шектеулі дерматит" деген диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалды. "Қазір сотталушының денсаулығы қанағаттанарлық" делінген прокуратураның ақпаратында.
Прокуратура өкілдері жаза өтеу мерзімі барысында Челахтың өз туыстары мен таныстарына 36 хат жіберіп, олардан 17 хат алғанын айтты. Оның ішінде, анасына 14 хат жөнелтіп, одан жеті хат алды. "Сотталушының өзі мекеме әкімшілігіне ешқандай кінә артып отырған жоқ, оның сөзіне қарағанда, денсаулығына қатысты шағымы жоқ, туыстарымен хат алысып тұрады. Сондықтан прокурорлық әрекет ету шаралары қолданылмады", - деп мәлімдеді прокурорлар.
Бұған дейін 27 маусым күні Челахтың өз анасымен кездескені хабарланған болатын. Ващенко баласының қатты жүдегенін айтқан болатын. Оның айтуынша, дәрігерлер Челахтың денсаулығын тексеріп, бүйректерінде құм бар екенін анықтаған, бірақ ешқандай ем белгілемепті. Соған байланысты Ващенко Бас прокуратураға шағым жолдады.
Челахтың анасы прокуратурадан хат алысуға байланысты мәселені тексеруді де сұрады. Ващенконың айтуынша, сотталушыға хаттар барып болмайды, Челахтың өзі хатты жиі жазатынын айтса да, одан хаттар сирек келеді.
Еске сала кетейік, сот шекарашыны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Челах 2012 жылдың мамыр айында "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 қызметтесі мен бір орманшыны өлтірді деп айыпталды. Апелляциялық және кассациялық сот алқасы оның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сотталушы Қостанай облысында жаза өтеп жатыр. Адвокат Серік Сәрсенов БҰҰ-ға шағым дайындап, жаздың соңына дейін жолдауға уәде берді.
Дереккөз: tengrinews.kz