Атырау, 25 қараша 19:32
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы

3 691 просмотра

Фото: ИА Новости-КазахстанФото: ИА Новости-КазахстанАқордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамын жария етіп, құрылымдаудан кейін 17 министрліктің 12-сі ғана қалатындығын жария еткен болатын. Сонымен Үкіметтің жаңа құрамына мыналар кіреді:

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 1965 жылы дүниеге келген. Бейжіңде Тіл білімі институтын, Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Колумбия университетінде (Нью-Йорк) топ-менеджерлер даярлау бағдарламасынан өткен. Экономика ғылымдарының докторы. Орыс, қазақ, ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі,  ҚР Премьер-Министрі. ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болған. 2014 жылдың сәуірінен - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев1963 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, Павлодар облысының әкімі ҚР Экономикалық даму және  сауда министрі, «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары,  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі  қызметтерін атқарған. 2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалған.

ҚР Премьер-Министрінің адами даму мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова  1965 жылы туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. 1995 жылдан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек етіп, бөлім бастығынан бастап вице-министрге дейін еңбек жолынан өтті. «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ басқармасының төрайымы қызметін атқарды. Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтеріне тағайындалды. ҚР Президентінің кеңесшісі - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы болды. 2013 жылдың 28 қарашасында Президент жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев1970 жылы 21 мамырда туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірген. ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі, ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрі болған. Мемлекет басшысының  2013 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен  ҚР Экономика және  бюджеттік жоспарлау министрі болып тағайындалған

ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ташкент халық шаруашылығы бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ОҚО әкімінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, вице-министрі болған. 2013 жылдың маусымында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы1963 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторы меңгерушісі болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған. 2014 жылдың 11 наурызынан ҚР Президенті Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының мәдениет министрі болып тағайындалды.

Инвестиция және даму жөніндегі министрі Әсет ИсекешевӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. ҚР Индустрия және сауда министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі болды. 2012 жылдың қыркүйегінен  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі болып тағайындалды.

Энергетика министрі Владимир Школьник  1949 жылы Мәскеу облысында дүниеге келген. Мәскеу инженерлік-физикалық институтын бітірген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы болған.

Бұрынғы қызметінде қалған министрлер:

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов1974 жылы туған. Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома университетін (АҚШ), Вена дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғарғы білімді әкімшілендіру саласындағы Пенсильвания университетінің (АҚШ) докторы. «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымы Атқарушы кеңесінің төрағасы болды. 2013 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков1968 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасы болған. 2011 жылдың сәуір айынан бастап - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

ҚР Әділет министрі Берік Имашев1960 жылы туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Құқықтанушы, заң ғылымдарының кандидаты. ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып қызмет атқарған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты - Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болған Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрi болып тағайындалған.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов1971 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрінің орынбасары, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болған.

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов1959 жылы туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Ағылшын, хинди, урду және француз тілдерін меңгерген. 2002 жылғы маусымнан - ҚР-ның Ұлыбритания Біріккен Королдігі мен Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, сонымен бірге ҚР-ның Швеция Королдігіндегі, Норвегия Королдігіндегі, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарған. 2007 жылғы шілдеден бастап - ҚР-ның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды және Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарды. 2012 жылғы 28 қыркүйектен бастап - ҚР Сыртқы істер министрі.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Серік Ахметов1958 жылы Қарағанды облысында туған. Ресей Басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағының басқарма төрағасы, ҚР Көлік және коммуникациялар министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. Қарағанды облысының әкімі, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, ҚР Премьер-Министрі болды. 2014 жылдың сәуір айынан бастап - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов1957 жылы туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі, Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылғы сәуір айынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.

7 тамыз 2014, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.