©Ярослав Радловский2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда адамдардың мазасын алатын жезөкшелер, қайыр сұраушылар мен балгерлер жазаланатын болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Адвокат Джохар Өтебековтің айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясында бұл әрекет үшін айыппұл төлеу мен тұтқындау қарастырылған. Әзірше жезөкшелерде көшеде еркін жұмыс істей бермек, құқық қорғау органдары арагідік оларды аты-жөнін анықтау үшін ғана полиция учаскесіне әкеліп тұрады.
"Қоғамдық орындарда жабысу" аталатын жаңа бап бойынша жұртты мезі қылатын қайыршылар, балгерлер мен жезөкшелерге бірінші заңбұзушылығы үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады, заңды қайта бұзғандар қамауға алынады. Өтебеков ешкімге кедергі келтірмейтін жезөкшелер мен қайыршыларға бұл баптың қатысы болмайтынын айтты. "Әкімшілік хаттаманы ішкі істер органдары қызметкерлері толтыратын болады. Заң шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға мейлінше қатаң қарамақ. Қоғамдық орындарда бір рет жұрттың мазасын алғаны үшін олар бес тәулікке дейін қамалуы мүмкін, кейін ел аумағынан шығарылады. Жаңа талап Мәскеу тәжірибесін және Ресей астанасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексін негізге алған. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің қайыр сұрауы ғана жазаланып отыр, ол үшін заң ата-анасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салады. Егер ата-анасы немесе басқа азаматтар кәмелетке толмағандарды қайыршылыққа қасақана итермелеген болса, бұған қылмыстық жауапкершілік қарастырылады", - дейді Өтебеков.
Еске сала кетейік, Президент Әкімшілік құқықбұзушылық туралы жаңа кодекске қол қойған болатын. Ол әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қорғалғандығын арттыруға, заңға қарсы қол сұғулардан мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған. Бұрын елімізде жұрттың мазасын алып, қайыр сұрау мен бал ашуға мәжбүрлеу әрекеті үшін ешкім жазаланбайтын, депутаттар бұл мәселені 2013 жылы көтерді. Жаңа заңға сай, қоғамдық орындарда адамдарға жабысып, өз қызметтері мен тауарларын ұсынатын саудагерлер мен жезөкшелер және басқа да тұлғалар жазаланатын болады.
Дереккөз: tengrinews.kz