©Тengrinews.kzҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев португалиялық футболшы Яго Фернандестің сынына жауап айтуға уәде берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Иә, жауап болады. Әркімнің өз пікірі бар, оның қаншалықты дәйекті келтірілгенін қазір айта алмаймын. Бірақ қазір барлық жағдайға талдау жүргзіп, мәселенің байыбына барамыз да, өз жауабымызды береміз", - деді Есентаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Журналистің "Спорт шенеуніктері португалиялық футболшының сынына қатысты мәселені талқылайтын бола ма" деген сауалына жауап берген ол "Иә, шетелдік ойыншылар келіп жатыр, Еуропада бізден гөрі футбол жақсы дамыған. Өйткені футбол - спорттың нөмірі бірінші, екінші, үшінші түрі, нөмірі төртінші түрі - теннис. Бірақ қазір Қазақстан футболы одан әрі дамуы үшін өзгелерден үйреніп, жұрттан жақсы нәрсені алып жатыр", - деді Есентаев.
Еске сала кетейік, қарағандылық "Шахтердің" бұрынғы шабуылшысы Яго Фернандес Қазақстан чемпионатын сынға алған болатын. "Қазақстан футболында жалақы жағы ғана көңілден шығады. Ал спорттық тұрғыда ол жақта бәрі де нашар. Қазақстан біріншілігі әуесқойлар үшін емес, бірақ ешқандай инфрақұрылым жоқ, ол жақта өмір сүрудің өзі қиын. Мен Қазақстанда өткізген уақытымды өкінішпен еске алып, португалиялық футболшыларға ол жаққа бармауға кеңес беремін. Әрине, егер ақша тапқысы келмесе", - деген болатын Фернандес.
Есентаев Фернандестің айтқанымен келіспейді. "Мен бүгінде Қазақстан футболы дамып жатыр деп ойлаймын. 480 мың адам футболмен айналысады. Балаларға арналған спорт мектептері еліміздің барлық аймағында бар, Қазақстан чемпионаты тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бірінші лигалар, жоғары лигалар, премьер-лигалар бар. Әрине, кемшіліктер де бар. Ол әрбір менеджердің немесе бапкердің өз міндетіне қалай қарайтынына байланысты. Футболдың дамуына жалпы жағдайлар мен идеология бар", - деп жауап берді Есентаев.
Дереккөз: tengrinews.kz