Фото: jasqazaq.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі түлектер арасында ең танымал мамандықтардың тізімін жариялады.
«Техникалық мамандықтарға деген сұраныс жыл санап артуда. Мәселен, «биотехнология» мамандығына бөлінген 1 грантқа 6 адамнан, «геодезия», «картографияға» - 4 адамнан таласуда. «Радиотехника», «Электроника және телекоммуникация», «Ақпараттық жүйелер», «Басқаруды автоматтандыру», «Көліктік құрылыс», «Электроэнергетика» мамандықтарына да көп түлек қызығушылық танытып келеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтар сұраныстан кемде-кем емес. Мысалы, «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Агрономия», «Топырақтану», Агрохимия», «Орман шаруашылығы», «Аң шаруашылығы», «Балық шаруашылығы», сынды мамандықтар жақсы конкурсқа ие», - деді Жоғары және ЖОО-нан кейінгі білім беру, халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Жасұлан Шәймерденов ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм гранттарын тағайындау жөнiндегi республикалық конкурстық комиссияның отырысында.
Оның айтуынша, медициналық мамандықтар түлектер арасында әлі күнге дейін танымалдылығын бәсеңсіткен емес. Бір грантқа шамамен 2-9 адамнан келеді. Сондай-ақ экономикалық және заңгер мамандықтары да үлкен сұраныста.
Ал сұранысы төмен мамандықтарға «Мұражай ісі», «Ескерткіштерді қорғау», «Шетел филологиясы», «Француз тілі», «Мәдениеттану», «Ағаш жону технологиялары», «Физика», «Астрономия», «Геология», «Пайдалы қазбаларды барлау», «Кітапхана ісі», «Ветеринария» жатады. Бұнда бір грантқа бір адамнан кем конкурс байқалып отыр.
Дереккөз: inform.kz