Украинаның бұрынғы Бас прокуроры Виктор Пшонка Қазақстанның азаматтығын алған жоқ, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановқа сілтеме жасап.
"Қазақстан құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, 1954 жылы туған Пшонка Виктор Павлович Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өтушілер мен уақытша тіркелгендер қатарында жоқ. Пшонка В.П. Қазақстан Республикасында тұрақты өмір сүруге рұқсат алу және азаматтықты қабылдау туралы өтінішпен көші-қон полициясы бөлімшелеріне белгіленген тәртіппен хабарласқан емес", - делінген таратылған хабарламада.
Қазақстан Республикасының құжаттандырылған халқының мәліметтер базасындағы фамилиясы Пшонка болатын, әсіресе, аты-жөні Пшонка Виктор Павлович болатын барлық адам тексерілді. Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттармен құжаттандырылған мұндай азамат болмай шықты.
Мұндай тексеруді ішкі істердің аумақтық органдары да жүргізді, көші-қон полициясы бөлімшелерінің өндірісінде Пшонка В.П деген азаматқа қатысты материал жоқ.
Бұған дейін Украинаның Бас прокуроры Виталий Ярема, расталмаған мәліметтер бойынша, Виктор Пшонканың Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеген болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz