Атырау, 7 қазан 09:22
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жастар Инаматқа жанашырлық танытты

4 511 просмотра

Желтоқсанның 14-і күні Атырау мұнай және газ институтының студенттерінен құралған «Позитив» КВН командасы «Өмірге үміт сыйлайық!!!» атты қайырымдылық концерт өткізді. Осы концерттен түсетін ақша ауыр науқастанып жатқан 9 жасар Инамат Нұғымановтың емделуіне жұмсалмақ.

«Позитив» КВН командасының ойыншылары «Ақ Жайық» газеті арқылы халықтан күрделі де сирек жасалатын қымбат ота үшін қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болған Инаматтың анасының үндеуіне үн қосып, осындай игі бастама көтеруге бел шешкен. Оларды өнерде жүрген өз әріптестері де бірден қолдап, Инаматтың сауығып кетуіне тілектерін білдірісті. Концертте «Позитив» КВН командасынан бөлек, «Жерұйық» және «Жигули» КВН командалары өз әзілде-рімен көрермен жастарды күлкіге көмкерсе, «Супер Соник», «Refresh» би топтары және Мұхамбетжан мен Садырбек есімді кішкене қос биші баланың өнерлері де жағымды әсерге бөлеп, әншілер жағы да керемет көңіл-күй сыйлауға тырысты. Жастар өнер көрсетіп жатқанда сахна түбінде үлкен экраннан Инаматтың үлкен өмірге үміт сәулесімен қараған жарқын жүзі бейнеленген суреттері көрсетіліп жатты. Оның көзінен өмірге құштарлығы байқалады. Осы көріністің өзі адамның көзіне жас үйіртіп, жүрегін езіп кете жаздайды. Біз Инаматтың «сырқатымнан аман-есен жазылып, тәуір болсам екен!» деген бала тілегі періштелер құлағына шалынып, Құдіреті күшті Алла-Тағалланың қабыл етуіне жазсын деп шын жүректен тілейміз!

Естеріңізге салып өтейік, Инамат Нұғыманов 2001 жылы дүниеге сау болып келген бала. 2006 жылы оған «лимфобластты өткір лейкоз» (қанның ағарып кетуі) диагнозы қойылған. Содан бері ол Алматы қаласындағы «Балалар онкологиясы және хирургиясы ғылыми орталығының» есебінде тұр. Осы жылы оның ауруы қатты ушыққан. Екінші хи-миотерапияның кесірінен Инамат жүре алмай қалды. Күндіз де, түнде де ұйықтай алмайды.

- «Жатып-жатып арқасы да тесіліп қалды. Өзі қатты қиналады. Қазір анасы екеуі Алматыда кезекті емделу курсынан өтуде. Ондағы орталықта жатқан балалардың бәрінің де диагнозы осы Инаматқа қойылған диагнозбен бірдей. Ал олар жүріп тұра алады. Жалғыз Инамат қана осылай екі аяғынан жүре алмай қалды. Қасындағы жүгіріп жүрген балаларды көргенде көңілі қатты түсіп кетеді. Біз халықаралық квотаға қолымыз жетіп отыр. Енді жаңа жылдан бастап шетелге шығуға қамдану үшін жолға, жатынына, тамағына да қомақты қаражат қажет. Халық «Ақ Жайық» газеті арқылы біліп, барынша көмектерін аямауға атсалысып жатыр. Оларға да, газет қызметкерлеріне де үлкен рахмет! Біз үмітімізді үзгіміз келмейді. Инаматтың ми сүйегін ауыстыру қажет. Оны тек қана Израильде ғана жасайды», - деп бөлісті бізбен бірге Инаматтың нағашы апасы Гүлзада ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА.

Инамат осы уақытқа дейін Индер ауданында тұрған болатын. Ал қатты ауырғалы бері қазір ол анасы мен туған апасы үшеуі қалада тұратын осы нағашы апасының үйінде тұруға мәжбүр. Нағашы апасының өз отбасы бар. Науқас баланың терең күтімі үшін ол түрлі инфекциядан аулақ болуы шарт. Ал мұндай жағдайда екі отбасы болып бір пәтерде тұру мүмкін емес екендігі бесенеден белгілі. Дәл бүгінде Инаматтың анасы бірнеше есікті қағып, өздеріне қаладан пәтер бөлуді сұрамаған жері қалмаған. Енді олар облыс әкіміне арызданбақшы.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

16 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.