30 шілде күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Дастан Алыбаев «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға 15 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 27 мың теңге (шамамен 150 доллар), ал басылым құрылтайшысына – 70 АЕК көлемінде (129 мың теңге, немесе 700 доллар) айыппұл салуға шешім шығарды. Сонымен бірге сот журналдың биылғы сәуір айындағы Адольф Гитлерге арналған тиражын тәркілеуді ұйғарған.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күнгі сотта судья Алыбаев «сараптама орталығы маман жоқтығын айтқанын» жеткізіп, бұған дейін дүйсенбі күні өзі тағайындаған сот-филиологиялық сараптамасы өткізілмейтінін хабарлаған. Бұдан соң тараптардың жарыссөзі өтпей, судья іс бойынша шығарған шешімін жариялаған.
Бұған дейінгі шығарылған сот-филологиялық сараптама қортындысында Адольф Гитлерге қатысты журнал мақалаларында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты қоздыру белгілері жоқтығы» айтылып, бірақ сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген еді. Осыған байланысты басылым редакторы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Маусымның соңында Алмалы аудандық соты Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалары үшін басылым редакторы Жарылқап Қалыбайды оның үстінен шағымдаған 13 адамға жиыны 13 миллион теңге (71 мың доллар) төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген. Оның алдында әкімшілік сот «тіркеу деректерін көрсетпегені үшін» басылым редакторына 222 мың теңге (шамамен 1200 АҚШ доллары) айыппұл салған.
Дереккөз: Азаттық радиосы