Қазақстандықтардың Израиль мен Газа секторына жол жүрмей тұра тұрғаны абзал, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетіне сілтеме жасап.
"ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, Израиль мен Палестина арасындағы даулы жағдайдың ұшығып кетуіне байланысты Қазақстан азаматтарының Израильге, Газа мекторына және Иордан өзенінің батыс жағалауына екі тарап жағынан да оқ атулар доғарылғанша бармағаны дұрыс", - деп хабарлайды Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитеті", - делінген хабарламада.
Ал Израильдің оңтүстігінде орналасқан Сдерот, Ашкелон, Ашдод, Беэр-Шева, Кирят-Гат, Нетивот және Офаким қалаларындағы Қазақстан азаматтарының мүмкіндігінше сақ жүріп, қажет кезінде Израильдегі ҚР Елшілігі бөліміне хабарласқаны дұрыс.
Бұған дейін Тель-Авив әуежайының маңына палестиналық зымыранның тасталуы салдарынан бір топ қазақстандық Израильден ұшып кете алмады. Израильге Қазақстан азаматтары Түркиядан саяхаттап келген. Содан кейін бұл мәселені шешуге Қазақстан тарапы да араласып, оларға қауіпті аймақтан шығуға көмектесті.
Еске сала кетейік, Израиль Газа секторында 7 шілдеден бері әскери операция жүргізіп жатыр. Оның мақсаты - анклавта билік етуші ХАМАС қозғалысы мен басқа да содырлар топтарының әлеуетін жойып, палестиналық зымырандардың атқылауын тоқтату.
Дереккөз: tengrinews.kz