Мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбіде ел халқын Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Бұл мейрам әлемнің барша мұсылмандары рухани тазаруға ұмтылатын Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Осы кезеңде қайырымды істер атқарып, біздің көмегіміз бен жанашырлығымызға зәру жандарға қамқорлық көрсетуге деген ізгі ниет пен ықылас арта түседі»,-делінген құттықтауда.
«Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ұйыстыра түседі. Сондықтан Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады»,-деп атап көрсеткен елбасы.
Президент барша қазақстандықтарды осы дәстүрлерді барынша нығайтып, жасампаз құндылықтарымызды әрдайым қастерлеуге шақырды.
«Қасиетті Ораза айт халқымызға рухани серпіліс, шаңырақтарыңызға бақ-береке әкелсін!»,-деп тіледі Назарбаев.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.