Атырау, 2 қазан 03:41
 ашықВ Атырау +19
$ 480.11
€ 532.25
₽ 5.14

Қырғыздармен бөлісе алмай жүрген Көксай каналы толық иелігімізге өтті

2 635 просмотра

Қырғыздармен жыл сайын су дауына арқау болып келген Көксай каналы енді толық иелігімізге өтті. Көршіге кіріптар болмас үшін, Жуалы жерінен ұзындығы 22 шақырымдық құбыр салынды.

Бұған дейін егіс науқаны кезінде екі елдің дихандары тіршілік нәріне таласып жататын. Өйткені Көксай каналының 12 шақырымдық құбыры Жамбыл облысы аумағындағы шаруаларға қырғыз жері арқылы жететін. Осыны пайдаланған айырқалпақты ағайын қарымтаға жайылым жер сұраумен болды.

Алайда бұл талабынан түк шықпағасын көршілер құбырды таспен бітеп тастайтын. Енді бұл дауға нүкте қойылды. Қомақты қаржыға өз жерімізден өтетін құбыр салынды. Шаруалар егістігін емін-еркін суаруды бастады. 

Бұл 50 жылдық тарихы бар Көксай каналының бас қондырғысы. Мұнда жылыстап ағып, жылғалап жеткен тау сулары келіп, ағысы күшті арнаны құрайды. Орташа жылдамдығы - секундына 9 метр. Ал осы Көксай каналының жаңадан жаңғыртылуының арқасында қырғыздарға тәуелді болудан құтылдық.

Көршіге кіріптар болмас үшін, Жуалы жерінен ұзындығы 22 шақырымдық құбыр салынды. Бұған дейін Көксай магистральді құбырының жартысы Қазақстанның, қалған бөлігі қырғыздардың иелігінде болған. Енді жер асты құбыры басы бүтін Жуалы дихандарына тиесілі. Былтыр күзде басталған жұмыстар нағыз науқан кезінде аяқталып отыр.

"Үкіметтен 5 млрд 400 млн теңге бөлініп, ол жұмыс басталған болатын. Бірақ жақсы құрылысшылар кездесті. Уақытында Экология министрлігі тендер өткізді. Жалпы екі мердігер жұмыс істеді. Тәулігіне 2 мың куб су келіп жатыр", - дейді Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев.

Жуалы ауданында несібесін жерден терген 2 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Олардың 128-і Көксай каналының бойында. Ендігі жерде каналдың суы да, құбыр да біздікі болғандықтан, суды керісінше қырғыздар сұрай бастапты.

Дереккөз: nur.kz

24 шілде 2014, 12:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.