Кәрім Махмудовтың айтуынша, 1 шілдеде Астана қалалық сотының кассациялық алқасы Сарыарқа аудандық сотының және апелляциялық алқаның Махмудовтан пәтер сатып алған Ерболан Сағынбаевты жылжымайтын мүлік иесі деп таныған шешімінің күшін жойды. Бұл пәтерді Бақыт Сәрсекбаев өзінің бапкері Махмудовқа сыйға тартқан болатын. Алқа алдыңғы екі инстанция шешімінің күшін толық жойып қана қоймай, Сәрсекбаевтың Махмудовқа пәтер сыйлағаны туралы келісімшартты және Махмудов пен Сағынбаев арасындағы сату-сатып алу келісімшартын да жарамсыз деп таныды.
"Екі соттың шешімін, бес жыл бұрынғы, яғни ескіру мерзімі өткен сыйға тарту келісімшартын бұзды. Қандай негізде бұлай жасағанын білмеймін. Енді біз Жоғарғы сотқа шағымданатын боламыз. Бұл заңсыз, алдымен сыйға тартады, кейін есім шығып жүрді дейді, пәтерде тұрып, ақысын төлегенін айтады. Алқа қалай бәрін дұрыс шешкен екі соттың шешімін жоққа шығарады?! Біріншіден, бес жыл өтіп кеткен болатын", - дейді Махмудов.
Бақыт Сәрсекбаевтың өзі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып отыр. Еске сала кетейік, ақпан айының ортасында Tengrinews.kz соттың дауды Ерболан Сағынбаевтың пайдасына шешіп, спортшыдан пәтерді босатуды талап ететін қаулы шығарғанын хабарлаған еді. Бірақ Махмудовтың айтуынша, Сәрсекбаевты ешкім пәтерден шығармаған.
2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданың чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев пәтерді бапкері, әрі туысқаны Кәрім Махмудовқа Лондон Олимпиадасына дайындау үшін бергенін мәлімдеді. Боксшының айтуынша, Махмудов өз уәдесін орындамаған, ол аздай, пәтерді басқа біреуге сатып жіберген. Сәрсекбаев сату-сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тану жөнінде сотқа шағымданды. Сотта боксшының бапкеріне пәтер сыйлап жатқаны түсірілген бейнежазба көрсетілді.
Дереккөз: tengrinews.kz