2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Армения Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) толық құқылы мүшесі болады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Овик Абрамян мәлімдеді.
Оның айтуынша, Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімге биылғы жылдың қазан айының соңына дейін қол қойылады.
Премьер-министр сонымен қатар Арменияның ЕАЭО-ға қосылу процесі тек техникалық себептерге байланысты кідіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды NEWS.am. Ол елдің одаққа ену мерзімінің созылып кетуі республика мен Таулы Қарабақ арасында кеден бекеттерін орнату талабымен байланысты деген ақпаратты жоққа шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. ЕАЭО туралы шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағы кеңістігінде жұмыс істей бастайды.
Дереккөз: bnews.kz
23 шілде 2014, 09:52