Бас прокуратураның хабарлауынша, А.Ақтайды Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің лауазымды тұлғаларына пара беру фактілері бойынша аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау күдігімен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ұстаған болатын. "Бас прокуратура Астана қаласының Алматы ауданы №2 сотына А.Ақтайға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану санкциясын беру туралы мәселе көтерген болатын", - делінген таратылған хабарламада.
Еске сала кетейік, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов осы жылдың 2-шілдесінде ұсталған болатын. Алғашқыда оның 200 мың доллар көлемінде пара алғаны хабарланды, бірақ кейін қаржы полициясы алынған пара көлемін нақтылады. Ол 200 мың емес, 300 мың доллар көлемінде пара алған болып шықты. Оның адвокатының айтуынша, жоғары шенді шенеунік бұл ақшаны досынан баласының үйлену тойын өткізу үшін қарызға алған көрінеді. Үшінші шілде күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен ТМРА бұрынғы басшысы қамауға алынды.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановты уақытша оқшаулау изоляторында ұстау уақыты 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылатыны хабарланған болатын. Тіпті кейін ол қарауыл күзетін алдап қашып кетуге де талпынған. "2014 жылдың 2-ші шілдесінде, сағат 10:30 шамасында Оспановты уақытша ұстау абақтысынан Қаржы полициясы агенттігі ғимаратына алып келу кезінде, ол өзін нашар сезінуіне байланысты автомашинаны тоқтатуды сұраған. Бірден есікті ашып және автомобиль салонынан жүгіріп шығып, Оспанов қашуға әрекет жасаған. Агенттік қызметкерлері автомашинадан 15 метр жерде оны ұстап, бұл әрекетіне тосқауыл қойды", - деп сол кезде қаржы полициясы хабарлаған болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz