© Қазақстан ҰҚК-нің шекара қызметі.АСТАНА, 17 шіл – Қазақстан жаңалықтары АА. Қырғыз Республикасынан Қазақстанға бет алған «МАЗДА-323» автокөлігін инспекциялық тексеру кешенімен өткізу кезінде Қырғызстан азаматынан 10 келіге жуық героин тәркіленді деп хабарлайды Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.
Жамбыл облысының кеден шекарасы аумағында жүргізіліп жатқан «Тасымалдаушы» шұғыл операциясы өз жемісін беруде.
«Кеше кешкі сағат 20:20 шамасында «Қордай» кеденінің орталық бақылау-өткізу пункті арқылы Қырғыз Республикасынан Қазақстанға бет алған «МАЗДА-323» автокөлігін инспекциялық тексеру кешенімен өткізу кезінде көлікте күдікті заттың жасырылғаны байқалған.Көліктің артқы орындығының арқа сүйейтін бөлігінің астына жасырылған күдікті заттың есірткі екенін Тина атты қызметтік іздестіру иті оп-оңай анықтап береді»,-делінген хабарламада.
2014 жылғы 16 шілдідегі сот сараптамалық орталығының №65 қорытындысына сәйкес, табылған есірткі түрі жалпы салмағы 9 кг. 870 грамнан аса героин екені расталды.
44 жастағы қырғыз азаматының есірткі затын қандай мақсатта алып өтпек болғанын тергеу амалдары көрсететін болады.Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚР ҚК-ның 250-бабы 4-бөлімі және 259-бабының 3-бөлімімен қылмыстық істер қозғалды», - деп жазылған хабарламада.
Дереккөз: newskaz.kz