16 шілде 2014, 11:36
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.
Астанадағы құрылыс нысандарының бірінің жұмысшылары түн мезгіліндегі тарсыл-гүрсіл мен шу үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"ҚР әкімшілік заңнамасына сәйкес, "Лазурный квартал" тұрғын үй кешеніндегі құрылыс учаскесінің бастығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 333-бабы ("Тыныштықты бұзу") бойынша жауапкершілікке тартылды. Құрылыс учаскесі бастығымен келешекте мұндай құқықбұзушылықты болдырмау жөнінде алдын алу жұмысы жүргізілді. Ыңғайсыздық үшін кешірім сұраймыз", - делінген Астана қаласы ішкі істер департаментінің қала тұрғындарының шағымына қайтарған жауабында.
Азаматтар өз хатында тұрғын үйлерінің қарсысында жүргізіліп жатқан құрылысқа қала әкімдігінің назарын аударған. "Бұл құрылыстан күні-түні гуіл, шу естіледі, құрылысшылар айқайлап жатады, 10-қабаттан темір-терсек, құрылыс бөренелерін лақтырады, қада қағады, дәнекерлейді", - делінген тұрғындардың хатында.
"Біздің пәтерімізде үнемі гуіл естіліп тұратындықтан, ұйықтау қиын, түнде оянып кетемін, күн сайын ұйқым қанбайды. Баламыз оянып кетіп, жылайды. Не істеу керек? Полиция келді, бірақ ештеңе істей алмайды, құрылыс жалғасып жатыр", - дейді әкімдіктің сайтына шағымданған әйелдердің бірі.
Айта кетейік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 333-бабында жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланыссыз шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - екі, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады делінген.
Бұл әрекет қайталанған жағдайда айыппұл салынады. 2014 жылы бір айлық есептік көрсеткіш көлемі - 1852 теңге.
Құрылыстың шуы - Астана үшін өзекті мәселе. Былтыр осы себепті "Қолжетімді баспана" бағдарламасы аясындағы жұмыстар кешеуілдеген. Құрылыс қадасын қаққан кездегі шу тұрғындардың наразылығын туғызып, солардың шағымы бойынша нысандардың бірінің жұмысын тоқтатуға тура келген. Электронды үкімет порталы тыныштықты бұзу жағдайлары кезінде қалалық 102 немесе ұялы 112 нөміріне хабарласып, учаскелік инспекторды шақыруға болатынын тұрғындардың есіне салады.
Дереккөз: tengrinews.kz