2017 жылдың 1 шілдесiнен бастап базалық зейнетақыны жаңа тәртіппен тағайындау мәселесі қарастырылуда, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова.
«2017 жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақыны есептеудiң жаңа әдiстемесiне көшемiз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан барлық қызметкерлерге жұмыс берушi тарапынан 5%-дық мiндеттi зейнетақы жарнасы төлене бастайды», - дедi Т.Дүйсенова ҚР Президентi жанындағы ОКҚ брифингi барысында.
Оның айтуынша, еңбек өтiлi немесе зейнетақы жүйесiне қатысу уақыты 10 жылға дейiнгi азаматтарға ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 50%-ы көлемiнде зейнетақы тағайындалатын болады.
«20 жылдан астам өтiлi бар азамат 70%, ал 35 және одан артық уақыт еңбек өтiлi немесе зейнетақы жинақтау жүйесiне қатысып отырған азаматқа ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 100% көлемiнде зейнетақы тағайындалады», - деп толықтырды өз ойын ол.
Министр 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгi күнкөрiс деңгейiн есептеу әдiстемесi өзгеретінін тiлге тиек еттi.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.