Бұл туралы СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Жүздесулер барысында ағымдағы жылғы 30 маусым - 1 шілде аралығында Брюссельде өткен Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа Келісім жобасы жөніндегі келіссөздердің жетінші раундының қорытындылары талқыланды. Министр келіссөз жүргізуші топтардың арасындағы өзара түсіністіктің арқасында өткен раунд ең нәтижелі болғанын қанағатпен атап өтті. Іс жүзінде құжаттың барлық ережелері келісілді. Бұл келіссөз үдерісін алдағы күзге қарай аяқтауға мүмкіндік береді.
Министр ЕО елдерімен визалық режімді жеңілдету мәселесінің еліміз үшін ерекше маңызды болып табылатынына ерекше көңіл аударды. 15 маусымда Қазақстан біржақты түрде еліміздің экономикасының ең үлкен инвесторлары болып табылатын он елдің азаматтарына бір жылдық мерзімге визасыз режім енгізгені мәлім.
Кездесулерде ағымдағы жылы ГФР-мен реадмиссия туралы Келісімнің ратификациясын аяқтауды және Бенилюкс елдерімен дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім және реадмиссия туралы келісімге қол қоюға дайындық жоспарлары туралы аталып өтілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат