Фото: Қазақстан жаңалықтары АА.АСТАНА, 10 шіл – Қазақстан жаңалықтары АА. Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аудандарында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық іс-шараларының қарқыны төмен, тіпті кейбір аудандарда мүлдем жүргізілмей жатқандығы егіс алқаптарына қауіп тудырып отыр, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Статистикаға жүгінсек, 2012 жылы Қазақстан 1 млн. 830 мың гектар аумақты шегірткі тектес зиянкестерден аластады. 2013 жылы 3 млн. 212 мың гектар аумағы тазартылса, 2014 жылы 3 млн. 900 мың гектар жер өңделді. Ерекше атап өтерлік жайт, Қазақстан басқа шекаралас аймақтарымен салыстырғанда Ресеймен шектесетін аудандарда химиялық өңдеу аумағын жыл сайынғы жоспардан еселеп арттырып келеді», - деді комитет төрағасы Сақташ Қасенов.
«Өкінішке қарай, біздің теріскейдегі көршілер жұмысты тиісті деңгейде жүргізбей отыр. Қазақстанның жүргізген өңдеу жұмыстарына бұл кері әсер етеді. Өйткені, егер ресейліктер химиялық өңдеулерді одан әрі кешеуілдетсе, бұл шегірткелердің Қазақстан аумағына қайтадан көшуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарына елеулі зиян келтіреді», - дейді С. Қасенов.
Оның сөзіне қарағанда, көшпелі көкқасқа шегірткелер аса қауіпті зиянкестер тізіміне енгізілген. Өйткені, олар желдің ықпалымен 200 шақырымға дейін жетіп, көршілес мемлекеттер үшін де зор қауіп туғызады.
Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігі 2014 жылдың маусым айының соңынан шілде айының басында Ресейдің Орынбор облысының шекаралас Светлинский, Ясенский, Домбровский аудандарынан Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы және Қостанай облысының Қамысты ауданына шегірткелердің көшуі болды.
Дереккөз: newskaz.kz