Атырау, 25 қараша 13:47
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бензин сапасы жүргізушілердің наразылығын тудырды

2 614 просмотра

Жалған жанармай! Елімізде бензиннің сапасына қатысты түсініспеушілік туындауда. Себебі бекеттерден құйылған жанармайдан кейін көліктер бұзылып қалады. Бірақ бұл жайтқа жүргізушілер де, шенеуніктер де аң-таң. Ал сарапшылар бір шикіліктің барына сенімді. Тіпті бұл іске Мұнай министрі де араласты. Әйтсе де, ол бар кінәні жанармай бекеттерінің қождайындарынан көреді.

Елорда тұрғыны Серік Әлібаевтың рөлде жүргеніне 12 жыл. Соңғы уақытта сапасыз бензинннен темір тұлпары сан рет сынған. Жүргізуші  жалған жанармайдың кесірінен жуырда тағы да жолда қалдым деп күйініп отыр.

Серік Әлібаев, көлік жүргізуші:

- Бензин нашар  болған соң клапан жанып кеткен. Білмейміз енді қандай жанармай құятынымызды. Ал сынған көлігімді  250 мың теңгеге жөндеттім.

Серік сынды шаш етектен шығынға батып, шырылдап жүрген жүргізуші көп. Мәселен, Астанадағы мына көлік жөндеу орталығына күніне ондаған адам сапасыз жанармайға шағым айтып келеді. Бензиннің кесірінен тұрып қалған машина саны әсіресе мамыр айынан бастап күрт артқан.

 Мәди Әлжанов, көлік жөндеу орталығының техникалық директоры: 
-Бұрын бірен-саран көлік келуші еді, қазір күн сайын көбеюде. Көліктердің багінен бензиннен басқа түсініксіз сұйықтық табылуда. Біз оны клиенттерге көрсетіп жатырмыз. Олар аң-таң.

Зардап шегіп жатқан жүргізушілер, ал жанармай бекеттері пайдаға кенелуде. Себебі қулығына құрық бойламайтын олар АИ-93 деп 80 маркалі бензинді сата береді. Оны алысқа кетпей-ақ мынадай зертханаларда тексеріп, оңай анықтауға болады. Түрлі қоспадан кейін түрі өзгеріп шыға келетін  жанармайдың жыры Мұнай министріне дейін жеткен. Ведомста басшысы болса кәсіпкерлерді кінәлап отыр.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
- Неліктен сапасының төмен болатыны маған белгісіз. Себебі зауыттан алынып жатқан мұнай өнімдері түгел лабороториялардан тексеруден өтіп, дұрыс сапамен беріледі. Одан кейін біреулер сапасын өзгертетін болса, солар жауапты болуы керек.

Жалпы, Қазақстан ішкі нарықтағы сұранысын жабу үшін Ресейден жылына 2 млн тонна бензин тасымалдайды. Елімізге импорттық отынды әзірге түрлі компаниялар жеткізуде. Жанармай бекеттеріндегі шикілік дәл осы сырттан келген отындардан болуы мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені, Кеден Одағы орнатқан техникалық тексерудің талаптары алаяқтарға барынша жағдай жасап қойған көрінеді. Яғни, қазір делдалдардың бензин сапасын қалауынша құбылтуға мүмкіндік бар.

-Ал, заң бұзған кәсіпкерлерді мораторийға байланысты тексеруге рұқсат жоқ. Сөйтіп қадағалаушы органдардың қолы қысқа. Сондықтан бензиннің сапасына тек жанармай құю бекеттері жауапты. Бірақ олар да өздеріне шаң жуытар емес. Осылайша арада задап шегіп отырған қарапайым жүргізушілер.

Дереккөз: КТК арнасы

4 шілде 2014, 10:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.