Жаңа Қылмыстық Кодекс қазіргі жағдайда қылмыспен күресті күшейту мақсатында және азаматтардың құқығы мен мемлекеттің мүддесін қорғау үшін модернизациялауға бағытталған.
Жаңа заңға сәйкес қылмыстық заңды ізгілендіру мақсатында жазалаудың қосымша түрі ретінде мүлікті тәркілеу жазасы 45 баптан алынып тасталды. Сондай-ақ жаңа ҚК-те жемқорлық қылмысқа қатысты жаза күшейтілді. Пара алу немесе жемқорлық баптары бойынша жазаға тартылған лауазымды адамдар өмір бойы белгілі бір қызметтерді істей алмайтын болды.
Сонымен қатар кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстың жазасы күшейтілді. Жасөспірімдерге қатысты сексуалдық қылмыс жасағандар өмір бойы балалармен қатысты жұмыс істей алмайды. Жаңа ҚК-ке сәйкес, экономикалық қылмыс жасаған адам егер барлық материалдық шығынның орнын толтырса, бас бостандығынан айырылмайды. Медициналық қылмыстарға арнайы бір бөлім арналды. Оның ішінде жасанды (тиым салынған) дәрілік өнімдерді заңсыз айналымға шығарған қылмыскерлер қатаң жазаға тартылады. Экстремизм мен терроризмге қатысты және жаңа технологияларды пайдалана отырып, радикалды идеологияны таратқандарға қатысты жаза да күшейтілді.
Сондай-ақ қылмыстық іске берілетін максимальды тұтқындау мерзімі де өзгертілді. Бұрын бұл мерзім 6 ай болады деп болжанған болатын. Алайда жаңа ҚК сай 3 ай болып бекітілді. Жаңа заңда шетелдік топтармен бірігіп қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ сепаратистік әрекеттерге де қатаң жаза кесілетін болды.
Дереккөз: tengrinews.kz