Аталған шешімді Жетісу аудандық прокуратурасы қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы Ұйғыр аудандық салық басқармасының бұрынғы басшысы Алматы көшелерінің бірінде аяғы ауыр әйел мен оның 3 жасар баласын қағып кеткен болатын. Медициналық қорытындыға сәйкес, сол мезетте жүргізуші мас болған.
Жол апатына себепкер болған шенеунікке қарсы ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша, яғни 296-бабы, 1-тармағы (ЖҚЕ мен көлікті пайдалану ережесін бұзу), 297-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалау), 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Маусымның 23-інде қалалық ІІД анықтау басқармасы бұлтартпау шарасы ретінде кінәлі азаматты қамауға алуды ұсынып, соттың санкция беруін өтінген болатын.
Аталған өтінішті қарай келе Жетісу аудандық прокуратурасы айыпталушыны қамауға алуға ерте екендігін айта келе, бұл өтінішті қолдамайтынын білдірді.
Олардың айтуынша, қылмыстық іс материалдарында өтінішті беру кезінде жапа шеккендердің денсаулығына келген нұқсан жайлы медициналық құжат немесе сот-мед экспертизаның қорытындысы болмаған.
Сондай-ақ, Құрмашевқа таңылған қылмыс аса ауыр деп саналмайды. Бұл жағдайда қамауға алу шарт емес. Ол Алматы облысы, Талғар ауданында тұрады. Бұрын сотталмаған.
Айыпталушының қорғаушысы да оның Алматыдағы 4 бөлмелі пәтерінде кепілде тұруына өтініш білдірді.
Дереккөз: ҚазАқпарат