Қазақстанда девальвацияның екiншi толқыны болмайды. Еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, бүгін журналистерді осылай деп сендірді.
Теңгенің құнсызданатыны жөніндегі қауесет әлеуметтiк желiлерде пайда болған еді. Қаржы саласындағы мамандардың бiр тобы Ресей мен Қытай өзара сауда-саттықта өз валюталарын қолданады. Ал, бұл девальвацияның екiншi толқынын алып келуі мүмкін деп болжаған.
Алайда, министр оны түбегейлі теріске шығарып тастады. Жалпы, елдің әлеуетін көтермелеу үшін Ұлттық қордан қосымша қаржы бөлінетіні белгілі. Осы ретте Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарын да тартып отыр.
«Өйткені, қордан келетін қомақты қаржыны тиімді пайдалануымыз керек»,-дейді Досаев мырза. 100 млрд теңге шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталатын болса, банк секторын сауықтыруға 250 млрд теңге жұмсалмақ.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
- Девальвация болады деп даурығудың қажеті жоқ. Ресей рублiне қарағанда да теңге өзiнiң тұрақтылығын сақтап тұр. Ал, Қытай валютасына келетін болса, келешекте біз де арадағы сауда айналымын юаньде жүзеге асырып көрмекпіз. Бұл орнықты жағдай. Оның үстіне мультивалюталық корзина қолданылады. Жалпы, жыл басынан бері төлем балансы төмендеген емес. Сондықтан, алдымызда бізді девальвация күтпейді.
Дереккөз: Baq.kz