Алматы қаласының Алмалы аудандық №2 соты 30 маусымда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" экстремистік ұйымының жұмысына араласты деген айыппен бес мүшесін соттады.
Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Қуандық Ешметтің Азаттыққа хабарлауынша, Мұхит Мұсақожанов, Асхат Сәрсембаев, Ерболат Оспанов, Қуаныш Ботбаев пен Оңласын Дүйсенбаев "әлеуметтік, ұлттық, таптық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру", "Қазақстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгерту немесе құлатуға, Қазақстанның территориялық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру", "экстремистік әрекеттері мен терроризмді насихаттағаны үшін сот шешімімен жабылған немесе жойылған қоғамдық, я діни ұйымның әрекетін жүргізу" айыптарымен алты жылдан жеті жарым жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылған.
Тергеу деректері бойынша "Хизб ут-Тахрирдің" Алматы қаласындағы бөлімін басқарды деп танылған Мұхит Мұсахожанов жеті жарым жылға сотталған. Қуаныш Ботбаев - алты жарым жылға, Асхат Сәрсембаев, Ерболат Оспанов пен Оңласын Дүйсенбаев алты жылға сотталған.
Сотталғандар өткен жылдың соңында қамауға алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті жазып алған аудио және бейнежазбалар бойынша іс қозғалған.
Қазақстан "Хизб ут-Тахрирді" 2005 жылы экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.
Дереккөз: Азаттық радиосы