Биыл Бірыңғай электрондық пошта жүйесін (БЭПЖ) қолданушы мемлекеттік қызметшілер санын 72 мыңға жеткізу көзделуде.
БЭПЖ республикамыздағы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің тиімді ақпарат алмасу механизмі ретінде құрылған «Мемлекеттік органдардың Интранет-порталы» платформасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Жаңа поштаның интерфейсі әлемге танымал Google, Mail секілді пошталық клиенттердегідей өте ыңғайлы әрі қарапайым, ал мемлекеттік органдар арасындағы хат алмасулар қауіпсіз желі арқылы жүзеге асырылады.
Интранет-порталдың барлық мүмкіндіктері мен қызметтері «бір терезе» қағидасы бойынша құрылған. «Портал түрлі мемлекеттік орган қызметкерлерінің өзара тиімді хат-хабар алмасуларын қамтамасыз етеді және мемлекеттік қызметшілерге қосымша сервистерді ұсынады»,- дейді ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі Ақпараттық технологияларды дамыту департаментінің директоры Құралай Елеусізова. Оның айтуынша, Интранет-портал базасында мемлекеттік органдар бірлесе отырып, құжатпен жұмыс істей алады, қашықтан оқыту және мемлекеттік қызметшілерді тестілеу шараларын жүзеге асырады. Бірыңғай портал негізінде жедел хабар алмасу, тапсырмалар мен жоспарлардың орындалуын бақылау, байланыстар базасы, бос орындар мен хабарландыруларды біліп отыруға болады.
Интранет-портал жақын уақытта G-Cloud мемлекеттік бұлтты платформасында жұмыс істей бастайды. Бұлтты технологиялар арнайы орталықтандырылған жерде сақтауға қойылған мемлекеттік органдардың ақпараттарын қашықтан өңдеуге мүмкіндік береді.
G-Cloud технологиясын қолдану мәліметтерді сақтауда техникалық қызмет жүйесі мен электр энергиясына жұмсалатын қаражатты үнемдеуге, мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық «Ақпараттандыру туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін қолданысқа енгізілмек.
Дереккөз: ҚазАқпарат