Сот Қалыбайды баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшілік алдында кешірім сұрауға да міндеттеді. "Аңыз адам" журналының редакторы өз кезегінде соттың шешімімен келіспейтінін және оған шағым түсіретінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, "Аңыз адам" журналының Адольф Гитлердің 125 жылдығына арналған нөмірі қоғамдық ұйым өкілдерінің наразылығын туғызған болатын. Аталған нөмір мақалаларында авторлар Гитлерді халық құқығы үшін күресуші тұлға ретінде суреттейді. Оған қоса, журналистердің бірі Владимир Путинді Гитлермен салыстырып, Ресей президентінің әрекеттері де сондай салдарға соқтыратынын айтады.
Ардагерлер ұйымы өкілдері "Аңыз адамның" даулы нөміріне қарсылық білдірді. "Біз бұл журналды жауып, редакторын қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептейміз", - деді генерал Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова. ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де журналдың Гитлер туралы нөміріне қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Ведомство мамандары мұндай жарияланымдардың "ақылға қонымсыз әрі дұрыс емес екенін" айтты.
Дереккөз: tengrinews.kz