Атырау, 25 қараша 13:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мәжіліс үкіметке 43 заң жобасын кері қайтарды

1 054 просмотра

Қазақстан парламенті мәжілісінңің Төрағасы Қабиболла Жақыпов үкіметпен әзірленген заң жобаларының сапасы сынға алды. 

 «Заң шығару қызметі саласында бүгінге дейін бірқатар қордаланған проблемалар әлі де баршылық. Біріншіден, бұл жыл сайын байқалып отырған Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының тиісті деңгейдегі сапасының болмауы. Өткен кезеңдермен салыстырғанда сапа біршама жақсарған, алайда жетілдіру көкжиегін әлі де байқай алмай отырмыз», - деді сессияны қорытындылап негізгі баяндама жасаған Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов. 

Оның айтуынша, Парламенттің бесінші шақырылымының жұмысы барысында Үкіметтен Мәжіліске 267 заң жобалары енгізілген. Олардың 43-і заң жобаларына қатысты талаптардың орындалмауына орай, кері қайтарылды. Үшінші сессия барысында Үкімет енгізген 114 заң жобаларының 38 пайызы ғана талаптарға толығымен сай келген. 

«Мұндағы айқын проблемалардың бірі ведомствоаралық келісімнің болмауында. Профильді мемлекеттік органдармен әзірленген заң жобалары басқа ведомстволармен немқұрайды, атүсті келісіле салады. Мәжілістегі жұмыс топтарының аясында ғана нақты жағдайға тиянақты сараптар жасалып, қандай да бір норманы қабылдаудың салдарына баға берілуде. Соның нәтижесінде құжат 70-80 пайызға дейін, жекелеген жағдайларда тұтастай қайта жазылып жүр. Мысалы, «Дербес деректер туралы», «Ішкі істер органдары туралы», «Қаржы пирамидалар қызметіне қарсы іс-әрекеттер туралы» заң жобалары тура солай жасалған. Ал «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасын депутаттар тұтастай қайта жазып шықты. Бұл ретте депутаттар құжаттың ілеспе заң жобасына су бөгеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді реттейтін бапты тұтас енгізді», - дейді спикер Қ. Жақыпов. 

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Үкімет тарапынан әзірлеушілер өзіміздің ұлттық заңнаманы ескермей, шетелдік заң нормаларын толық көшіре салатынын да сынға алды. Оның сөзіне қарағанда, «Дербес деректер туралы» заң жобасының көптеген нормалары ТМД-дағы бір елдің заң нормаларын тұтастай қайталап шыққан. 

«Ал осының өзі біздің ұлттық заңнамамызға, оның ішінде Қазақстанның 7 кодексі мен 27 заңына қайшы келген. Нәтижесінде депутаттарға заң жобасын толығымен қайта дайындауға тура келді», - деді спикер.

30 маусым 2014, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.