Қазақстан парламент сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова ауылды жерлердегі пошташылардың жалақысы мен «Қазпошта» АҚ жетекшілерінің жалақыларын салыстырды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ақмола облысының Жарқайың ауданының мысалында қарап көріңізші. Ауданда 20 пошташы-оператор қызмет жасайды, бірақ олардың барлығы бірге 5,5 ставканың жалақысын алады. Бір ставка 37 мың теңге, 1 сәуірден бастап - 44500 теңге. Осы ауданның тағы бір халқының саны аз ауылында пошташы 0,3 ставкада - 12 300 теңге алады, тағы бір ауылда пошташы 0,2 ставкада - 8900 теңге алады. Барлық ауылдарда да осындай. Жарқайың ауданының бір ғана селосында пошташы толық ставкада жұмыс жасайды», - деді С. Жармағамбетова бейсенбі күні Қазақстандағы пошталық байланысты Дүниежүзілік пошта одағының нормаларынмен үйлестіру жөніндегі заң жобасын талқылау барысында.
Сенатордың есебінше, аталған пошташылардың айлық жалақысы «бар болғаны айына 244 мың теңге».
«Бірақ осы пошташылар Жарқайың ауданындағы зейнеткерлерге зейнетақы жеткізіп бергендері үшін айына 750 мың теңге комиссиялық алым әкеледі. Олар өздерінің жалақыларын үш есеге қайтарады. Ал ол адамдарды жақында «Қазпошта» басшылары қысқартпақшы болды», - деп атап көрсетті С. Жалмағамбетова.
«Ал сонымен қатар олар тапқан қаражаттың айтарлықтай бөлігі «Қазпошта» АҚ басшыларының жалақыларына кетеді. Менің жазбаша салған сауалыма олар жазбаша цифрлармен жауап беруден бас тартты. Біз «Самұрық-Қазына» туралы заң қабылдаған соң, ондай ақпарат біз үшін де жабық болатыны кездейсоқ емес болса керек!», - деді сенатор.
С. Жалмағамбетова пошта басшыларының жалақылары өндірістік персонал жалақыларына қарағанда айтарлықтай айырмашылығы бар дейді.
«Белгілі болғандай, «Қазпошта» АҚ басшыларының жалақылары (айына - ҚазТАГ) бонуссыз, сыйақысыз 1-1,5 млн теңге аралығында тербеледі. Мен басқаның қалтасына үңілгім келмейді, бірақ осы саладағы басшылық пен қатардағы қызметкерлердің жалақы айырмашылығындағы орасан зор алшақтық, меніңше, үкіметті алаңдатуы тиіс», - деді депутат.
Оның пікірінше, шалғайдағы ауылдарға пошталық қызмет көрсету шығынды болуы мүмкін, дегенмен «тек зейнетақы мен жәрдемақыны жеткізуден «Қазпошта» АҚ комиссиялық сыйақы ретінде жылына 5,2 млрд теңге кіріс көреді. Келесі жылдан бастап олар комиссиялық төлемдерді екі есеге арттыруды талап етуде, демек олар 9,3 млрд пайда көрмекші», - деді С. Жалмағамбетова.
Сенатордың мәліметтерінше, «Қазпошта» АҚ-ның 3131 өндірістік нысаны бар, ал Қазақстандағы ауылдар саны - 6828.
Дереккөз: Айқын