Атырау, 16 маусым 18:42
 ашықВ Атырау +20
$ 511.92
€ 588.91
₽ 6.44

Каркуланы өлтірген тұрғын өмір бойғы жазаға кесілді - БҚО

1 604 рет қаралды
Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында батысқазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өлтіргендерге қатысты үкім шығарылды.

Сот төрайымы Ақгүл Қарасаеваның мәлім еткеніндей, осы қанды оқиғаны ұйымдастырған Азамат Тоғаев өмір бойғы жазаға кесілсе, оның сыбайластары Мерген Иманқұлов пен Кенже Біржанов әрқайсысы 22 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Қылмыстық топқа тағылған айып бірдей болғанымен, А.Тоғаевқа қатысты үкім шығарылған кезде оның бұрын бірнеше рет сотталғаны, ол қылмыстарының да ауырлығы ескеріліп, ең жоғары жаза белгіленді.

Сотталушылардың мүліктері тәркіленеді. Сот жәбірленуші тараптың 10 млн. теңге көлемінде моральдық, сондай-ақ 5 млн. теңге материалдық залалды (ұрланған алтын бұйымдар, қаржы, Валентина Каркуланы емдеуге және іске қатысты шығындар) өндіру туралы азаматтық талапарызын да қанағаттандырды.

Айта кетейік, бүкіл өңірді дүрліктірген оқиға биыл 13 қаңтарға қараған түні орын алды. Түн қараңғылығын жамылған аталған топ тонау мақсатымен кәсіпкердің үйіне басып кіріп, оны атып өлтіріп, зайыбын ауыр жарақаттап кеткен болатын. Оларға Қылмыстық кодекстің жеті бірдей бабы бойынша айып тағылған еді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Дереккөз: ҚазАқпарат

25 маусым 2014, 19:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.