Атырау, 1 қазан 14:30
 ашықВ Атырау +17
$ 481.19
€ 538.45
₽ 5.18

Парламент мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған заң қабылдады

1 405 просмотра
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Осылайша, Парламент аталған заңды қабылдап отыр.

Құжат еліміздің жаңа Бюджет тұжырымдамасын, түпкі нәтижелерге бағдарланған Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын, сондай-ақ Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Бұл ретте төрт заңнамалық актіге, оның ішінде бес кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу қаралған. Атап айтқанда, бюджетті атқарудың икемділігін арттыру мақсатында 5 пайыздан аспайтын көлемде республикалық бюджет комиссиясында қараусыз және 5-тен 10 пайызға дейінгі көлемде республикалық бюджет комиссиясында қарау арқылы бір орталық мемлекеттік органның бюджеттік даму бағдарламасы арасында қайта бөлу мүмкіндігі көзделеді.

Сонымен қатар, заңнамада нысаналы даму трансферттерін іске асыру кезінде әкімшілер мен жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың нысаналы даму трансферттері бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде өңірлер арасында 10 пайыздан аспайтын көлемде қаражатты қайта бөлу көзделеді. Ал әкімдер үшін нысаналы трансферт бойынша бір бюджеттік бағдарлама ішінде жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында 10 пайыздан аспайтын көлемдегі қаражатты дербес қайта бөлу қарастырылады. Аталған шара нысаналы даму трансферттерін іске асырудың тиімділігін арттыруға және ілгерілетіп іске асырылатын жобаларға қаражатты жедел аударуға мүмкіндік береді. Тоқтала кететін жайт, әкімдерге  дербестік берумен қатар, олардың нысаналы трансферттер бойынша нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапкершіліктер енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, заң арқылы жергілікті концессиялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге, «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыруға, «Doing Business» рейтингінің индикаторларын жақсартуға, банк секторын сауықтыруға бағытталған өзгерістер қамтылып отыр. Мәселен, мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің жергілікті жобаларын іске асыруды жеделдету мақсатында құны 4 млн. айлық есептік көрсеткіштен асатын жобаларды қоспағанда олардың сараптамасын жергілікті жерлерде бекіту ұсынылады. Ал «Халықтық ІРО» бағдарламасын жалғастыру шеңберінде ұлттық компаниялардың акциялар пакетінің ішкі нарыққа жоспарланып отырған шығарылуына байланысты магистральдық теміржол және ұлттық электр желілерін ұлттық компанияларға иеліктен шығаруға тыйым салу қарастырылған. Сонымен қатар, мұндай стратегиялық нысандардың меншік иесі болып табылатын ұлттық компаниялардың акцияларын «Самұрық-Қазына» қорының иеліктен шығаруына шектеу қою ұсынылады. 

Сенат енгізген түзетулерге келсек, олар негізінен редакциялық нақтылау сипатында болып отыр. Осыған орай, Мәжіліс сенеторлар ұсынысына келісімін берді. Енді Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

25 маусым 2014, 09:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.