Астана. 24 маусым. ҚазТАГ – Шекарашылар Қазақстан-Қытай шекарасын бұзушыны ұстағанда Боралдай авиабазасының тікұшақтары мен әскери бөлімшенің жауынгерлерін жұмылдырды, деп хабарлады ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, «Қорғас» шекара отрядының наряды өз қызметтерінде қырағылық көрсетіп, мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстады.
Түнгі сағат он бірдің кезінде шекарашылар із тастау жолағының бойынан еліміздің аумағына қарай жүріп өткен адамның ізін байқайды. Нарядтың басшысы бұл туралы тез арада басшылыққа хабарлайды.
Санаулы минуттар ішінде застава «Қарулан» бұйрығы бойынша аяқтарынан тік тұрып, «Дабыл тобы» оқиға болған жерге аттанады.
Иісшіл ит із аламын дегенше Жаркент шекара отрядының сарбаздары өздерінің позицияларына жетіп үлгерді. Жақын маңдағы елдімекендерде блокпостар ұйымдастырылп, тұрғындардың, автокөліктердің құжаттары тексеріле бастайды.
Шекарашыларға Жаркент қаласынан ерікті жасақшылар көмекке келеді. Шекара бұзушыны ұстау іс-шарасына көршілес әскери бөлімдердің жауынгерлері, Боралдай әуе базасының тікұшақтары, сондай-ақ, Панфилов аудандық ІІБ қызметкерлері тартылады.
Осылайша белсенді атқарылған іс-шараның нәтижесінде көп ұзамай мемлекеттік шекараны бұзушы ұсталды. Ол көршілес Қытай Халық Республикасының азаматы болып шықты. Жауап алу кезінде ол жер бетінен жұмақ іздеп, шекара кескендігін мәлімдеді.
Дереккөз: ҚазТАГ