Бұған дейін ҚР "Жол қозғалысы туралы" заңында жаңа куәліктерді енгізу қарастырылатыны хабарланған болатын. Бұл заң 2014 жылдың қазан айында күшіне енеді. ҚР Ішкі істер министрлігі өкілдері әр жыл сайын жүргізуші құжатын дайындаумен айналысатын мердігердің тендер рәсімдеулері негізінде анықталатынын айтты.
Жүргізуші куәлігінің қазіргі үлгісін дайындаумен айналысатын компания өкілдерінің хабарлауынша, жаңа куәліктердің 2014 жылы пайда болмайтыны анық. "Заң күшіне енгеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігі өндірісін бірден іске қосу технологиялық жағынан мүмкін емес. Ол - өзге ақпараттық жүйелермен байланысты бағдарлама. Бұл электронды құжат болғандықтан оны тестілік сынақтан өткізу қажет, бұл - үлкен жұмыс. Ол үшін жабдықтар, шығыс материалдары мен шикізаттар жеткізуші шетелдік компаниялармен келісімшарттарды бекіту керек. Жұмыс жүріп жатыр, заң қабылданды, бірақ заңға бағынышты актілер қабылданған жоқ, яғни әзірше стандарттар жоқ. Тіпті, қазан айында актілерді қабылдағанның өзінде келесі күні жаңа жүргізуші куәліктері дайын бола қалады деуге келмейді, - дейді компания өкілдері.
Олардың мәліметінше, жаңа куәліктер 2015 жылдың қаңтарынан бастап, пайда болуы мүмкін. Еске салайық, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Қанат Сәдуақасов жаңа куәліктердің жеті санаттан тұратынын айтқан еді: A, В, С, D; BE; СЕ; DE және алты қосымша санат: А1, В1, С1, D1, C1E және D1E. Бұл санаттар скутерлер мен мопедтерді, басқа да шағын көліктерді пайдалануды реттеуге мүмкіндік бермек.
Дереккөз: tengrinews.kz