Оралда қаладағы ең ірі кинотеатр құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Үйлестіруші кеңестің отырысында «Серік» ЖШС басшылығы кинотеатр құрылысы жобасымен таныстырды. Бұл компания бизнес-инкубатор болып табылады. Жаңа өнеркәсіпті ашқан соң олар мамандандырылған кәсіпорынға басқаруға береді.
«Бұл жоба үйлестіру кеңесінде қолдау тапты. Ол 75 млн теңгеге бағаланып отыр. Кинотеатр өз қаржымыз есебінен салынып жатыр, алайда нысанды тезірек іске қосу үшін «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша несие қажет», - деді серіктестік басшысының орынбасары А.Мерғалиев. Жаңа кинотеатрда 670 орындық 6 зал болады. 4 залда 3D-форматта фильмдер көрсетілмек.
Жаңа кинотеатр осы жазда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Дереккөз: bnews.kz