Павлодардан шығатын «Халал» маркалы ет Ресей өңірлерінде үлкен сұранысқа ие. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінде өткен аппарат жиналысы барысында аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жанат Шұғаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Ресей нарығының мониторингі сойылған тұтас еттің қазіргі таңда сұранысқа ие емес екенін көрсетіп отыр. Біздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындарға сол Новосібір облысы немесе Алтай өңіріне етті өңделген түрінде экспорттау тиімді. Біздің «Халал» маркалы ет ресейлік сатып алушылар арасында үлкен сұранысқа ие екенін ерекше атап өткім келеді», - дейді Ж.Шұғаев.
Басқарма басшысының ақпаратынша, қазіргі кезде павлодарлық өңдеуші кәсіпорындар Ресейге 215 тонна ет және ет өнімдерін экспорттаған. Соның ішінде «Рубиком» ЖШС мен «Павлодарлық Смак » ЖШС 195 тонна ет өнімін тасымалдаған. Жыл соңына дейін аталмыш екі кәсіпорын Ресей аймақтарына 500 тоннадан астам ет өнімдерін жөнелтуді көздеп отыр.
Барлығы биыл павлодарлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар Ресей еліне 800 тонна ет пен ет өнімдерін экспорттауды жоспарлауда.
Дереккөз: bnews.kz