Үкімет Қазақстанның жаңа әуе компаниясын іске қосу жүйесін қолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбекке сілтеме жасап.
Оның сөзіне қарағанда, Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында жаңа компанияны құру жолдары қаралды. "Үкімет оны қолдады. Алдағы жылдың екінші жартысында, яғни үшінші немесе төртінші тоқсанда жаңа компания ішкі нарықта жұмыс істейтін болады", - деді Қасымбек бүгін Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік,"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жаңа компанияның акционері болады. Бүгінде ол "Эйр Астана" әуе компаниясының 51% акциясына ие. Ал қалған компаниялар осы саладағы бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Сондықтан монополияны болдырмас үшін тағы бір отандық әуе операторын құру туралы шешім қабылданды. "Жаңа компания ішкі рейстерді орындайтын болады. Бүгінде біз Bombardier компаниясымен 10 ұшақты жеткізіп беру бойынша әріптестік келісімді рәсімдедік. Олар облысаралық әуе қатынастарын жасайды. Біз екі компаиняның ("Эйр Астана" мен "Эйр Қазақстан") акционері ретінде олардың мүдделерін реттейтін боламыз. Дегенмен, біздіңше, отандық әуе қатынасында нағыз бәсеке болуы шарт", - дейді қор басшысы Өмірзақ Шөкеев
Дереккөз: tengrinews.kz