Фото nur.kz сайтынан алынды. Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық болмысына қатер төніп тұр. Ал олардың мүддесін қорғауы тиіс дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мұнымен шаруасы жоқ. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков өз сөзін нақты мысалдармен бекітті.
Миллионға жуық қандастарымыз тұратын көрші Ресейде бірде-бір қазақ мектебі жоқ. 90-шы жылдардың өзінде 90 пайыздан аса бала өз ана тілінде білім алатын Қытай мен Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны адам шошырлық жылдамдықпен кеміп жатыр. Ал олармен мәдени байланысты күшейтуге міндеттелген дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысы сын көтермейді.
Депутат бұл мәселені түбегейлі шешуге үкімет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар да жеткіліксіз дейді. Сондықтан диаспора мен мемлекеттік көші-қонға жауапты арнайы агенттік құру керек деп отыр. Соның арқасында әлемнің 40 еліндегі қандастарымыздың ата жұртына оралуына жағдай жасау көзделген. Мұндай мекемелер Израиль, Германия, Қытай және Ресейде бар екен. Осыдан 2 ай бұрын Қытайдағы қандастарымыз соққыға жығылғанда дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев "Бас жарылса бөрік ішінде" деген кейіп танытқан болатын. Оның үстіне "болмашыдан шу шығарды" деп осы мәселені көтерген 31 арнаны кінәлаған еді.
Дереккөз: 31.kz