Фото: akorda.kzҮкімет шетелдік инвесторларға жан-жақты жағдай жасау шараларын әзірледі. Оған сәйкес, экономиканың басымды бағыттары бойынша индустриализацияға қатысатын инвесторлар корпоративті табыс пен жер салығынан 10 жылға босатылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сілтеме жасап.
"Сондай-ақ олар мүлікке салынатын салықты 8 жылға дейін төлемесе болады", - деді бүгін Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында. Ал қандай да бір нысанды іске қосқаннан кейін мемлекет құрылысқа салынған ақшаның 30 пайызын өтейтін болады. Мемлекет басшысының айтуынша, инвестициялық жобаны іске асыру барысында белгілі бір уақытқа шетелден жұмыс күшін тартуға да шектеу қойылмайды. "Инвесторлар үшін салықтың барлық түрлері бойынша заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беріледі. Бірақ қосымша құн салығы және акциз салығы оған кірмейді. Ал инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында инвестициялық омбудсмен қызметін енгізілетін болады. Бұдан бөлек, экономиканың басымды бағыттары бойынша жұмыс істейтін инвесторлар үшін мемлекет тарапынан тапсырыстар беріледі. Оған да кепілдік болады", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Бурабайда ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-ші отырысы басталды. Оның басында Н.Назарбаев "Инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы" заңға қол қойды.
Дереккөз: tengrinews.kz