Атырау, 25 қараша 09:47
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ҮЕҰ қылмыстық заң жобасына вето қоюға шақырды

1 853 просмотра
"Аман-саулық" ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова (оң жақта) мен "Ұлағатты жанұя" ҮЕҰ жетекшісі Марианна Гурина. Алматы, 26 наурыз 2014 жыл.Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевты парламент мақұлдаған қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару кодекстері мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске вето қоюға шақырды.

Қоғамдық ұйымдар Назарбаевтың атына жолдаған үндеуде жаңа кодекстер "азаматтардың бірігу құқықтарын бұзатыны" және онда қоғамдық бірлестіктер мен олардың басшыларына қарсы баптар бары айтылған. ҮЕҰ өкілдері "бұл халықаралық құқық принциптеріне қайшы" дейді.

"Кодекске арнайы қылмыс субъектісі ретінде "қоғамдық бірлестік басшысы" деген жаңа кемсітушілік ұғым қосылып жатыр. Бұл қоғамдық бірлестіктердің кез-келген мүшесін, әсіресе белсенділерінің жетекшілік жасады деген желеумен қуғындалуына әкеп соқтырады" делінген ҮЕҰ хатында.

Белсенділер қылмыстық кодексте жала жапқаны үшін үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы сол күйі қалып, жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлердің жеке құқықтарын ерекше қорғау жайы сақталып қалғанын айтады.

Бұдан бөлек, кодекс жобасында он жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" туралы жаңа бап енгізілген.

Хатқа барлығы он сегіз ұйымның өкілдері қол қойған. Олардың арасында сөз бостандығын қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" қоры, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро, "Адам құқықтары хартиясы", "Халықаралық құқықтық бастама", "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" және "Аман-саулық" қорлары бар.

Парламент 11 маусым күні қылмыстық кодекс жобасын мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберген.
 
Дереккөз: Азаттық радиосы
11 маусым 2014, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.