Атырау, 25 қараша 09:33
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Италия әскерилерін Қазақстан аумағы арқылы өткізуге қатысты заң жобасы мақұлданды

2 035 просмотра
Мәжілісте бүгін «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Републикасы Қарулы күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Келісім 2013 жылы Астанада жасалған. Құжат Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарды қолдау мақсатында Қазақстан аумағы арқылы Италияның әскери мүлкі мен персоналының транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

«Ауғанстандағы мызғымас бостандық операциясына қатысатын әскерлер ішінде Италия контингенті саны бойынша төртінші болып табылады. Қауіпсіздікке жәрдемдесетін халықаралық күштердің құрамына Италия 4 мың әскери қызметші бөлді. Келісімнің ережелеріне сәйкес әуе кемелерінің транзиті ҚР Сыртқы істер министрлігі еліміздің әуе кеңістігін пайдалануға беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Қазақстанның әуе кеңістігі шегіндегі әуе кемелерінің экипаждары Қазақстанның әуе қозғалысын басқару және ұйымдастыру органдарының нұсқамаларын қатаң түрде орындауға міндетті.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қорытындысына сәйкес, әскери мүліктің теміржол көлігімен транзиті келісімде көрсетілген өткізу пункттері арқылы еліміздің заңнамасына сәйкес және Қазақстанның уәкілетті органы берген рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстанның аумағында бір мезгілде болатын әскери мүліктің саны бір теміржол құрамымен қатаң шектелуі тиіс.

Сондай-ақ, осы келісім шеңберінде транзит кезінде әскери мүлік пен персонал шекаралық және кедендік бақылауға, қажет кезінде басқа да бақылау түрлеріне жатады.

Қазақстан аумағы арқылы Италияның әскери мүлкі мен персоналының транзитіне байланысты шығынды Италия өз мойнына алады.

Дереккөз: bnews.kz

 

11 маусым 2014, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.