«Ұсынылып отырған түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Мәселен, бірқатар түзетулер редакциялық және нақтылаушы сипатта. Азаматтардың тең құқылығының бұзылуына, банктің ақша қаражатын заңсыз пайдалануға қатысты баптар, кредиттің заңсыз алғаны және бюджеттік кредитті нысаналы пайдаланбағаны үшін жауаптылықты көздейтін бап нақтыланды. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге байланысты кодекстің ерекше бөлігінің бірқатар санкцияларынан қосымша жаза түрінде мүлікті тәркілеу алынып тасталады. Сондай-ақ, тыйым салынған қоғамдық діни бірлестіктердің қызметін ұйымдастыру және оған қатысу туралы нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді», - деді Мәжілістің заңнама және сот-құқықты реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Әбдіров.
Кодекс жобасы екі баппен толықтырылды: 229-бап – «Бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау» және 230-бап – «Инсайдерлік ақпаратқа қатысты заңсыз әрекеттер». Жаңа екі баппен толықтырылуына байланысты қаралып отырған жобаның тұтас мәтіні бойынша сілтеме нормаларға тиісті түзетулер енгізіледі. Сондай-ақ, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге сәйкес 403-баптан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтардың түрі ретінде кейіннен бекіте отырып, кейбір бөліктер алып тасталды.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды да мақұлдады.
Дереккөз: bnews.kz