Атырау, 25 қараша 09:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сенаторлар кәсіптік одақтар туралы заң жобаларын талқылады

2 363 просмотра
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы  талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.

Заң жобасының негізгі мақсаты кәсіподақ қозғалысының ұйымдастырушылық негіздерін  айқындау, қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу үшін оның әлеуметтік әріптестіктегі рөлін арттыру болып табылады.

Бұл үшін заң жобасымен әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде әлеуметтік диалогты жүргізуге кәсіподақтардың уәждемелерін күшейту; қызметкерлердің мүдделерін білдіруге және келіссөздер жүргізуге кәсіподақтардың басымдылығын айқындау; еңбек қатынастарын реттеу деңгейлері бойынша әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссиялардың өкілеттіктерін кеңейту және функцияларының аражігін ажырату бойынша шаралар енгізіледі.

Сонымен қатар, Бас, салалық және өңірлік  келісімдерді орындау міндеттілігі және еңбекке ақы төлеуді  реттеудің,  біліктіліктер жүйесінің өзекті  мәселелері бойынша олардың мазмұнын нақтылау көзделіп отыр.

Ұсынылған модельді тиімді іске асыру мақсатында әлеуметтік әріптестіктің деңгейлері бойынша кәсіподақтардың міндетті мүшелігі регламенттеледі. Бұл ретте, заң жобасымен кәсіподақтардың ұйымдастырушылық көп түрлілігіне құқығы шектелмейді және бір кәсіподақтың монополиясы белгіленбейді.

Комитет отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасын «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

9 маусым 2014, 17:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.